Алмас қылыш
Download 1.59 Mb. Pdf ko'rish
|
Көшпенділер - Алмас қылыш
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru 37 Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды. — Сөйле, жырау, — деді. Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, — деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды. — Қашан? Қай жерде? —деген де шу шықты. Қарт тайшы оларға аяй қарап, Қыпшақтар өздері ұмытқанмен өзге рулар сақтап қалған «Қыпшақ қашқан» хикаясын естеріне салды. Қыпшақтар алты құлаш Шерухан бастаған бір аттанысында Чернигов қаласын алмақ болған. Чернигов әскері қарсы шыққан. Бір мың алпыс сегізінші жылдың алтыншы айында екі әскер Деснаның таралуы Синави өзенінің жағасында кездескен. Орыс әскерлері үлкен ерлік пен табандылық көрсетіп, үш мың адамнан Қыпшақтың жиырма мың әскері жеңіліп, кейін қашқан. Көбі әбден қатып болмаған өзеннің мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға кетіп, бықпырт тигендей қырылған. Осы ұрыстан кейін іле-шала орыс жерінде ғажайып ақ түтек боран тұрып, қалған нөпір топ жолдан адасып, елдеріне жете алмай үсіп өлген. Бұны артынан қазақтың басқа рулары «Қыпшақ қашқан» ұрыс деп атаған. Қыпшақ жағы енді басылып қалды. Арғын тобы, «Пәлі, кәрі тарланым, аяғын қалай-қалай тастайды!» деп Қотанды қошаметтеп көтеріле түсті. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті. Қарағай домбырасын аспанға лақтырып, аруағы ұстап, жыр дабылын үсті-үстіне дақпырата ұрды. — Шерухан ханды жақсы қармадың, абыз жырау, — деп бастады ол жаңа толғау ырғағын. «Алып бойлы Шерухан» деп орыс елінің өзі қыса еткен Шерухан ханның ерлігіне, шапқыншылық ісіне бір қыдыру тоқтап өтті. Содан кейін қарға бойлы Қазтуған орыс қалаларын шапқан Бонақ, Тұғырхан, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Сүңгір, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының әрқайсысының жауынгерлігін, ел аузында аңыз болып жайылған жорықтарын дәріптей келіп, «өз елдері түгіл бөтен елдерге өлмес аңыз қалдыр- ған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана жырын тоқтатты. — Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға: — Бөтен елге бұл хандар аңызымен бірге, жаман аты мен сүйектерін де қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы аты аталған хандардың көбінің шапқалы барған жерінің князьдерінің қолынан өлгендігін айта келіп, Қотан жырау «Өз жерінің топырағы тас болып па еді бұларға! Не жетпеді соншама бөтен елден ажал іздерлік?» деген сұрақ қойды. Жайшылықта салмақты қарт, бұ жолы біреу шабынан түртіп, мазасын ала бергендей, қабағын кәрлене түйді. Енді ол өз сұрағына өзі жауап берді. — Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді. Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 www.kazakhstanets.narod.ru 38 Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды. Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын, күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырын тоқтатты. Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана: — Сөйле, жырау, — деді. Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға жөнелді. Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап, толғауына кірісті. — Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен. Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан 1 патшаның кезінде Стамбулды да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді. Қотан мырс етіп езу тартты. — Сөйле, жырау, — деді Асан Қайғы Қазтуғанның ағат кеткенін аңғарып, ұнатпай қалғанын жасырмай сәл қабағын түйіп. Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді. — Орынсыз қан төккізгенді ерлікке кім санаған? — деп бастады ананы әжуа ете, қарт жырау. Қазтуған ақын паш еткен Қыпшақтар қатынасқан Стамбул оқиғасын Қотан қария жыр еткенде, қобыз үні құдды қан жылағандай аңырай шықты. Қарт жыраудың өзінің даусы да дәл бір өксігін баса алмай отырған қаралы адамның үніндей. Бұл хикаяны естіген жұрттың екі ұрты суалып, жақ жүндері үрпиісіп жүдеп кеткендей. Әбілқайыр хан көз қиығын Қобыланды батырға аударып еді, оның да басы төмен салбырай түскен екен. Қарт жыраудың сөзі жүректерін тырнап, көздерін жасқа толтыруға таяу тұрса да «Тоқтатыңыз!» деп бұйыруға бірде-бір адамның аузы барар емес. Ханның да, батырлардың да көмейіне құм құйылған. 1 Қ о л а м а н — Комнин — Византия патшасы. |
Ma'lumotlar bazasi mualliflik huquqi bilan himoyalangan ©fayllar.org 2024
ma'muriyatiga murojaat qiling
ma'muriyatiga murojaat qiling