Алмас қылыш
Download 1.59 Mb. Pdf ko'rish
|
Көшпенділер - Алмас қылыш
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru 124 қиқар мінезіне салып. Ондағы ойы «бәлем, бермесіңді сұрайын, қалай-қалай ыршыр екенсің!» деген қияңқылығы еді. Бірақ «Баласы інісі Мұхамед-Рақымға тым ұқсас екен» деген сөзді ішіне түйіп алған саудагер қуана-қуана Бұрындықтың тілегіне көне кетті. — Айтқан сөзімді қайтып алмайын, қатын бүгіннен бастап сенікі, бірақ балам емшектен шыққанша менің үйімде тұра тұрсын, — деді. Бұндай шешімді күтпеген Бұрындық сасып қалды. Бірақ бұ да сөзін қайтып алмады. — Болсын, — деді. Со күні ымырт үйіріле ол Мұхамед-әкімнің жас тоқалын өзінің шатырына алып келді. Отыз қатынның бірі болып, ебін тапқанда ғана бөтен еркек көріп, гаремде сары қазыдай сақталып, әбден жас денесі күйіп-піскен жас тоқал, кәрі Мұхамед- әкімнен құтылғанына өкінген жоқ. Жаңа қожасының көңілін табуға тырысты. Ал үшінші жүлде тиісті Мұхамед-Шайбани тіпті басқа тілек етті. — Алтын құсыңыз ханға лайық. Мен хан емеспін, тек хан тағындағы атама жәрдемші жауынгермін, — деді, — маған алтын құстың орнына бес жүз адамыма сауыт-сайман, қару-жарақ бер... Мұхамед-әкім сұлтанның бетіне ұзақ үңіле қарады. Әлден уақытта барып: — Сіз тілесеңіз, мың адамға да сауыт-сайман, қару-жарақ беруге бармын, — деп басын төмен иді... Әбілқайыр Ордасының сайыпқыран ханды жоқтатпас бәлендей мұрагері жоқ деп ойлап жүрген қастары, бұл тойда атасының туын құлатпас артында ұрпағы бар екенін бірден көрді. Әбілқайыр ханға көкілташ болған, қазір Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның атакесі Дарвиш-Хұсайын батыр күзеткен, ақылға бай, бой-тұрпаты бірден адамның ықыласын аударар Мұхамед-Шайбани осы күннен- ақ көзге түсті. Сол күні қастар Ордасына Айбақ оғлан, Береке сұлтан, Аббас бек, Мұса бектер жиналып, Мұхамед-Шайбаниды ұйықтап жатқан жерінде түнде шауып өлтіруге кісі жібермек боп келісті. Бұл мәжіліске Бұрындық пен Қасым сұлтан да шақырылды. Бұрындық көнсе де, Қасым: — Хан тағын сақтар жанды қан майданда өлтіру керек. Ұйықтап жатқан жерінде шауып тастау бұл ұры, қарақшылардың ісі. Біз хан тұқымымыз, мұндай қылмысқа баруымыз күнә! — деп көнбей қойды. Оның көнбегеніне қараған жоқ. Әбілқайыр Ордасына өш сұлтан, бектер басына алтын орда тұрғызбақ боп, аты-шулы жан алғыш Құрыбайды жіберді. Бірақ сұлтан жатқан үйге жыландай сыбыр шығармай кірген Құрыбайды, Қасым сұлтанның кісі жіберуімен күні бұрын хабардар болып, өтірік ұйықтап жатқан Мұхамед-Шайбани, алдаспанын жарқ еткізіп, құлаштай сермеп қақ бөлді. Жазмыш деген қызық. Халық үшін көпір салам деп арман еткен эль Мүлік ибн Зархум, халықтың өз арасынан шыққан жендет жігіттердің қолынан қаза тапты. Ал, төрт жылдан кейін бұқара халықты қанға бояп, бүкіл Орта Азияны жаулап ала бастаған, атақты Мұхамед-Шайбани хан бір ғана сұлтанның ерлікті көксеген адал көңілінің арқасында аман қалды. Еліне қайтып келіп, Қасым сұлтан әкесіне тойда болған оқиғаның, көрген- білгенін бәрін айтып болғанында Жәнібек ұзақ ойланып отырды да, ауыр күрсінді. — Түбі біз Әбілқайырдың орнына отырар Шайх-Хайдарды емес, Мұхамед- Шайбани сұлтанды көзімізден таса етпеуіміз керек, — деді. Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 www.kazakhstanets.narod.ru 125 Бұл сөзімен Жәнібек егер Әбілқайыр тағына Мұхамед-Шайбаниға отырар күн туса, аса бір қиын күрес басталатынын білдірген еді. Мұхамед-әкім эль Таразидың тойында тағы екі оқиға болған. Балаларының бұл тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйыс- қанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген. Жаңғы саудагері бұларға арнап қос орда тіккен. Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп, Мұхамед-Шайбаниға жұрт көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер таппаған. Бірақ баяғы он үш жасар күніндегі қылығы есте қалған Рабиу-Сұлтан- Бегім сол күні Сүйіншікті оңаша шығарып ап ұзақ сөйлескен. Ақылы да, ерлігі де Мұхамед-Шайбанидың өз теңдестерінен артық екенін бүкіл ел біліп қалған тәрізді және оны қостайтын Дарвиш-Хұсайын Қарашың батыр мен Бахтияр сұлтан тәрізді Көк Ордаға тірек болған, бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі адамдар бар, қандай бақытқа, таққа жетсең де Мұхамед-Шайбанимен бірге жетесің деген. Әкесін өлтірген нағашың әбді-Латиф әмірге ұқсама, қызғаншақтың жолы күнә жол, онымен адам мұратына жете алмайды, ағаң Шах-Будақтың балаларына кең пейіл келіп, солардың соңынан еруін сұраған. Өздері быт-шыт боп қырылысып жүрген нағашысы Темір тұқымының бұған әке тағына отыруға жәрдем бере алмайтынына көзі жете бастаған Сүйіншік, әлі де Самарқант әмірлігіне қадірі бар шешесінің ақылын алған, өн бойын қанша мансапқұмарлық билегенмен, аталы сөзден шыға тартпаған. Бұл Әбілқайыр балаларының әр жаққа бұрылмай, бір одақтас болуының басы еді. Екінші оқиға тіпті адам күтпеген жерден кездесті. Түйе бәйгесі біткен күні іңірде Аққозы бике өз ордасында жалғыз отырған кезінде, үйге бет-аузын көшпелі елдің бұзауындай тұмшалап алған, жалғыз көз, еңгезердей қара жігіт кіріп келді. Тойдан шаршап келіп қисайып жатқан Аққозы, осынау кірген адамның дене құрылысынан, қимылынан өзінің Орағын көргендей шошып кетіп, дауыстап жібере жаздады. — Қорықпа, — деді кірген кісі, — мен Орақпын. Өлді дегендері бекер, тірімін. Бірақ өлген адамнан да қорқыныштымын. Егер менің бетімді көрсең, қазір талып құлар едің. — Ол асыға өзінің қалай тірі қалған оқиғасын айтып берді де — қолыңа құран алып, «өмір-бақи ерге шықпаймын» депсің, соныңды естіп келдім, — деді, — маған деген жүрегіңді адал сақтағаның үшін рақмет, бұл құрметіңді қара жерге кіргенше ұмытпаспын. Ал енді айтарым: өлген адам үшін өлмек жоқ. Мен патша, хандарға ғана тірі адаммын. Саған өлікпін. Ерге шық, қызық көр. Құран ұстап құдайға берген антыңды мен алдым. Ал енді қош бол. — Ол үйден шыға берген. — Тоқтай тұр... — деді Аққозы. Бірақ Орақ тоқтамады. Шығып кетті. Аққозы көзі қарауытып, жанындағы төсекке ақырын қисая беріп, жылап қоя берді. Келесі күні түнде Орақ қырық жігітімен Мұхамед-әкім эль Таразидың Талас өзенінің етегінде жатқан көп жылқысын «өзің өлтірген эль Мүлік ибн Зархум шебердің құны» деп айдап әкетті. Оны Сырдың төменгі жағындағы кедей ауылдарға апарып бөліп берді. Осы күннен бастап «Жалғыз көз» батыр кедей жұрттың қорғаны» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшаққа тарады. Орақ кедей жұрттың қорғаны екенін сан айқаста көрсете алды. |
Ma'lumotlar bazasi mualliflik huquqi bilan himoyalangan ©fayllar.org 2024
ma'muriyatiga murojaat qiling
ma'muriyatiga murojaat qiling