Өзбекстан республикасы жоғары және орта арнаулы білім министрлігі ташкент облысы шыршық мемлекеттік педагогика институты гуманитар пәндер факультеті
I.2. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты
Download 67.42 Kb.
|
Жұлдыз
I.2. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты
Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлуде олардың лексикалық жағы ескеріледі, өйткені жеке лексикалық мағынасы бар сөздер белгілі бір сөз тобына енеді. Мысалы айна, көмір, қасық деген сөздер заттың атын білдіріп, грамматикалық тұрғысынан зат есім болады. «Зат деген ұғым тек күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де қамтиды»: тұман, қар, мереке, жолдама, ойпат, шатқал, қуаныш, сағыныш т.б. Олай болса, зат есім лексикалық-семантикалық сипаты жағынан өте кең, ауқымды сөз табы болып есептеледі. Бұл-зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын бірінші белгісі. Тіл білімінде сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда грамматикалық белгілер, яғни морфологиялық және синтаксистік белгілер есепке алынады. Осы тұрғыдан келгенде, алдымен оның құрылымы, екіншіден зат есімге жататын сөздердің өздеріне тән сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары, сонымен бірге зат есімді басқа сөздермен байланыстыратын көптік, тәуелдік, септік жалғауларына сай категориялары бар екендігі ескерілуі тиіс. Сонымен, зат есімдерді морфологиялық жағынан сипаттағанда оның құрылымы, жасалу тәсілдері, түрлену жүйесі, яғни көптік, тәуелдік, септік категориялары талдануы тиіс. Демек, мұның барлығы зат есімді жеке сөз табы ретінде танытатын екінші белгілері болып табылады. Зат есімдер сөйлемде белгілі бір қызмет атқарып, белгілі топтағы сөздермен тіркеске түседі. Зат есімдер етістістермен тіркеседі де, сөйлемде тәуелсіз мүше-бастауыш болуы олардың (зат есімдердің) жалпы категориялық мағынасы-заттылық мағынасымен байланысты екендігін аңғартады. Зат есім басқа да сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады, мысалы, атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде объект мәнін білдіріп толықтауыш, ілік септікте тұрып анықтауыш, көлемдік септіктерде пысықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш қызметін атқарады. Сөйтіп, зат есімнің осындай синтаксистік қызмет атқаруы оны жеке сөз табы ретінде дәлелдейтін үшінші белгісі болып есептеледі. Зат есімнің осы үш белгісі сөздерді таптастырудың үш ұстанымына сәйкес келеді. Бұл ерекшелік зат есімнің сөз таптарының ішіндегі ең үлкен, өрісі аса кең сөз табы екендігін көрсетеді. Зат есімдердің қай-қайсысы да заттық ұғымдарды білдіргендерімен, олар семантикалық жағынан түрліше болып келеді. Мысалы, домбыра, жүзім, алма, орындық тәрізді сөздер көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын деректі зат атаулары болса, мейірім, қайырым, тілек, мүмкіншілік, достық, құпиялық сөздер дерексіз (абстракт) заттармен байланысты ұғымды білдіреді. Бұл жөнінде ғалымдар пікірлерінде бірізділік бар. Мысалы, проф. А.Ысқақов зат есімдерді семантикалық жағынан іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық деген түрлерге бөлсе, С.Омарбекұлы «Табиғат пен қоғамдық тіршіліктің қыр-сыры қаншалық алуан түрлі болса, олардың бас-басына дерлік атауыш ретінде жұмсалатын тілдегі сөздер де соншалық алуан түрлі. Зат есімдер тікелей сезім арқылы тануға болатын дүниедегі нақтылы нәрселерден (су, жылқы, тағам, жел, дауыл, жейде, тал, терек, у-шу, айқай, қойын, қоныш) бастап, адамның тек ақыл-ой қабілетінің жәрдемі нәтижесінде ғана түсінілетін түрлі абстракт ұғымдардың (наным, шама- шарық, ынсап, нарық, мінез-құлық, кәде-жора, ырым, пікір) аттарын да білдіре алады» ,-дейді. Сонымен қатар ғалым зат есімнің жалқы, жалпы, жиынтық мәнді, адамзат, ғаламзат есімдер деген түрлерін де атаған. Зат есімдерді семантикалық топтарға бөлуде Ә.Төлеуов нақтылы және абстрактілі, жалқы және жалпы (жинақты, жіктемелі) деген топтармен шектеледі. Зат есімдер лексика-грамматикалық жағынан бірнеше топтарға бөліп көрсетулері ол топтардағы зат есімдердің өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқатады. Сонымен зат есімдер адамзат және ғаламзат есімдері, жалпы және жалқы есімдер, көптік мәнді есімдер, эмоциялы-экспрессивтік реңді есімдер, көмекші есімдер деген ірі топтарға жіктеледі. Қазақ тілінде зат есімдер кім? не? сұрақтарына жауап беруіне байланысты үлкен екі топқа белінеді. Зат есімдердің осылай екі топқа бөлінуі басқа тілдердің зат есімдерінен өзіндік ерекшелігі болып табылады. Осымен байланысты А.Ысқақов персондық және бейперсондық деген атаулар енгізді, яғни персондық зат есімдерге кім? деген грамматикалық сұраққа жауап беретін сөздер, ал бейперсондық зат есімдерге не? деген сұраққа жауап беретін сөздерді жатқызды. Ғалым бұл терминдерді «Қазіргі қазақ тілі» оқулығының 1974 жылғы басылымында адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері деп өзгертті. Сондай- ақ кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерді өз ішінде тағы да бірнеше мағыналық топтарға бөліп көрсетті: а) адамға тән атаулар: бөпе, бала, ұл, қыз т.б. ә) туыс атаулары: аға, іні, нағашы, жиен т.б. б) іс-әрекетпен кәсіп-мамандық иелерінің атаулары: студент, оқытушы, дәрігер, заңгер т.б. в) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атаулары: ректор, әкім, директор т.б. г) кісі атаулары: Арман, Дәурен, Әлия, Раушан т.б. Проф. А.Ысқақов не? деген грамматикалық сұрау, әдетте адамнан өзге барлық жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады дей келіп, оларды деректі я дерексіз заттар мен заттық ұғымдардың атаулары, өсімдік атаулары, ас пен ішімдік атаулары, хайуанаттардың, аң мен құстың атаулары, балық аттары, құрт-кұмырсқа, бақа-шаян аттары, мекен, құрал-жабдық атаулары секілді бірнеше түрлерге бөлген. Ғалымның бұл пікірлерімен келісе отырып, ғаламзат есімдерін өз ішінен жанды заттар атаулары және жансыз заттар атаулары деп, екі мағыналық топқа бөлуге болады. Сонда жанды зат атауларына адамнан басқа кеудесінде жаны бар тіршілік атаулары жатады да, жансыз зат атауларына өлі табиғат денелері мен өсімдіктер дүниесіне қатысты есімдер жатады. Бірақ тілімізде бұл қағидалардан ауытқитын да жайттар кездеседі. Мысалы, егер адам есімдері жер-су, мекен атауына ауысса, соңғы атауға не? деген сұрау қойылады: Алтай - екінші курс студенті. Алтай - кенге бай өлке. Бірінші Алтай сөзіне кім?, екіншісіне не? деген сұрақ қойылады. Ал керісінше, не? деген сұрауға жауап беретін жай ғана жалпы есім кісі аты ретінде қолданылғанда, кім? деген сұрауға жауап береді. Мысалы: бақыт, қуаныш-Бақыт Хасенқызы, Қуаныш Үсенұлы, Ә.Төлеуов бұдан басқа кім? не? сұрауларының ауысып жұмсалатын мынадай орындарын көрсеткен: «Өзіміз кісі туралы сөйлей тұрсақ та, сөйлемнің мағынасына қарай ауызекі тілімізде, ертегілерде не күлдіргі әңгімелерде ретіне қарай кім? не? сұраулар бірінің орнына бірі ауысып жұмсала береді. Мысал үшін, мен енді кім болдым? деудің орнына, мен енді не болдым? деп, ренжіп айта береді. Бұл жерде әңгіме кісі туралы екенін сөйлемдегі сөздің контекстегі мағынасынан байқаймыз. Мұндай жағдайда не? деп сұрау қоя тұрсақ та, контекстегі мағынасына қарай, әңгіме кісі туралы екенін аңғарамыз», - дейді. Қазақ тіл білімінде зат есімдерді жалпы есім және жалқы есім деп екі топқа бөлу А.Байтұрсынов оқулығынан басталады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «зат есім екі түрлі болады: біреулері-нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері-нәрсенің біріне емес, барлық табына қойылған: жалпы есім»,-дей келіп, жалқы есімдерге - Ахмет, Ашымтай, Ағытай, Қызылжар, Семей, Қырым, Қытай, жалпы есімдерге: кісі, еркек, қала, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке секілді мысалдар келтірген . Зат есімдерді семантикалық және грамматикалық жағынан осылайша жалпы және жалқы есімдер деп бөлу кейінгі оқулықтар мен зерттеулерде жалғасып келеді. Мысалы, проф. А.Ысқақов жеке я дара заттарға берілген зат есімдерді жалқы есім деп, тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдерді жалпы есімдер деп атаса, Ә.Төлеуов «Кейбір зат есімдер тобы жеке нәрсенің өзіне арнай қойылған атын көрсетсе, кейбіреуі жинақты, жалпылама нәрсенің атын көрсетеді. Мәселен, тау, ағаш, жусан, сексеуіл деген сөздер бірыңғай көптеген заттардың жалпылама аттарын көрсетсе, Асан, Алатау деген сөздер- көптеген заттардың ішінен бөліп алынған жеке нөрсенің арнаулы аты. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай зат есімдер жалқы есім, жалпы есім болып екіге бөлінеді» -деп сипаттаған. Осы пікірмен үндестікті 2002 жылы шыққан академиялық грамматикадан да кездестіреміз. «Жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздер жалқы есімдер, ал бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді жалқы есім» деп аталған. Бұдан шығатын қорытынды - зат есімдерді жалпы және жалқы деп бөлуде заттың саны ескерілуі керек. Жалпы есім саны жағынан шексіз. Мысалы: қала-жалпы атау, өйткені қала өте көп. Ал Алматы- жалқы атау, өйткені бір қаланың атауы. Олай болса, «жалқы есімдер - жалпы есімдерден ажырату үшін қойылатын арнаулы атаулар». Жалқы есімдер өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді. Олардың ішіндегі ең үлкені-кісі аттары мен географиялық атаулар. Осымен байланысты тіл ғылымының екі саласы жалқы есімдердің екі түрін зерттеу нысаны етеді, яғни кісі атауларын зерттейтін сала ономастика деп, географиялық атауларды зерттейтін сала топонимика деп аталады Сонымен қатар тілімізде саны жағынан сай келмейтін, бірақ жалқы есімдерге жататын басқада сөздер бар. Бұған газет-журнал, кітап атауларын жатқызуга болады. Мысалы, «Парасат» журналы, оның таралымы болса да, мазмұны-біреу, бірақ басқа газет- журналдардан ажырату үшін жалқы есімге жатады. «Қазақ грамматикасында» жалқы есімдердің тағы да мынадай топтары көрсетілген: - аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке атаулары (астрономиялық атаулар): Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы, Ақбозат; -тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723 жылғы оқиға), Прием (1916 жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға); -сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмайтазыға қойылған аттар: Тайбурыл, Құлагер, Көкжендет, Бөрібасар . Жалпы есім мен жалқы есімдерге тән тағы бір ерекшелік- олардың бір-біріне ауысып отыруы. Мысалы: Арман, Жомарт, Болат, Қызғалдақ, Ләззат т.б. адам есімдері бұрын жалпы есім сөздері болғаны, ал алматылық, ақтаулық, тараздық сияқты жалпы есімдер бастапқы жалқы есімдерден жасалғаны белгілі. Бірақ А.Ысқақовтың көрсетуінше, жалқы есімдердің жалпы есімдерге ауысуларынан гөрі жалпы есімдерден жалқы есімдердің жасалуы көбірек кездеседі екен ). С.Омарбекұлы жалқы есім қатарына жататын сөздер мен жалпы есім қатарына жататын сөздердің өзара бір-біріне ауысып отыру факторын тілдегі омонимдер пайда болуының бір жолы деп қараған (32,445). Шындығында да тілімізде мұндай сөздер жиі кездеседі: жібек-(матаның бір түрі)-Жібек (қыздың аты), жұлдыз- (астрономиялық атау)-Жұлдыз (қыздың аты), Қарлығаш-(құстың бір түрі)-Қарлығаш (қыздың аты, әннің аты), раушан-(гүлдің аты) – Раушан (қыздың аты) т.б. Download 67.42 Kb. Do'stlaringiz bilan baham: |
Ma'lumotlar bazasi mualliflik huquqi bilan himoyalangan ©fayllar.org 2024
ma'muriyatiga murojaat qiling
ma'muriyatiga murojaat qiling